Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ushkun.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді.
«Осы сапарыңыз – қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген Сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдаймын. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.