Бүгінде Түркістан облысы Келес ауданының «Ақтөбе» ауылдық округіндегі балық шаруашылығы қанат жайып келеді.
«Лесбек батыр» елді мекенінің аумағындағы Келес өзенінің бұрынғы арнасына кәсіпкер арнайы бассейндерді құрап, 300 мыңға жуық балық өсіруде.
Талғат Бауанов осыдан 6 жыл бұрын балық өсіруді қолға алып, өткен қыста бірінші өнімін алған.
– Шаруаны бастай салу оңай сияқты көрінгенімен оны дөңгелетіп әкету көп тәуекелді қажет етеді. «Мынау тұрған Өзбекстан» деп, алғашқы шабақтарды жақыннан әкелгенбіз. Кеденнің тексеруін ескермеппіз. Шекарада біраз тұрып қалған шабақты жасанды көлге әкеліп төккеде 1-2 сағаттан кейін бәрі судың бетіне қалқып шықты. Тірі қалмаған ғой.
Кейін оның бәрін қалқып алдық та, Жамбыл облысынан, Меркіден екі камаз шабақ әкеліп төктік. Оның бір шелегін 900 шабақ деп санайды. Қазір өсіп-өніп жатқан сол шабақтар, – дейді Талғат Асанұлы.
Шаруа кешегі өткен қыс маусымында 7-8 тонна балық алғанын айтады. Шаруа қожалықта
16 гектар аумақта 7 адам жұмыс істейді. Оның екеуі суға жан-жақтан ұшып түскен целлофан, баклажка сияқты қоқысты жинап, құстардан шабақты қориды. Ал екеуі күнделікті қамыс орады. Балыққа «тамақ» әзірлеу де жұмыс күшін қажет етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында ел Үкіметі «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосқан болатын. Соның негізінде Түркістан облысында 4 мыңға жуық адам несиеге қол жеткізбек. Бағдарлама кәсібін дөңгелетем деген ауылдықтар үшін таптырмас бастама болып тұр.
Балық шаруашылығын дөңгелетіп отырған Талғат Бауанов аталған бағдарлама аясында Келес Ауданы Ақтөбе ауылдық округінен біршама адамды жұмысқа тартуға ниетті. Бұл ретте біз кәсіп иесіне ел мүддесі үшін тер төгеді деп сенеміз.
Кәсіпкердің жұмысына аудан әкімі де өз бағасын берген. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік көмектерді көрсетуді жеткізген. Қазіргі таңда аталған өндірістік кооперативте 40 мүше тіркеліп, барлығы балық өсіруге ниеттеніп отыр. Оларға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аз пайызбен несие беру бағытында шаралар атқарылуда. Аудан әкімі тиісті бөлім басшысына өндірістік кооператив мүшелерімен бірге ірі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің басын қосып, тәжірибе алмасу семинарларын өткізуді және мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді рәсімдеу бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Бүгінде шаруалар балықтың үш түрін өсіріп жатқан болса, алдағы уақытта басқа да түрлерін өсіруді қолға алмақ.