Мемлекет басшысы Франция президентінің арнаулы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады, — деп хабарлайды Ushkun.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаулы өкіл Изабель Дюмон Франция президенті Эмманюэль Макронның хатын табыс етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Изабель Дюмонға ілтипат білдіре отырып, жолдаған игі сәлемі үшін президент Эмманюэль Макронға алғыс айтты. Сондай-ақ, Франция Қазақстанның Еуропадағы басты саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты.
Кездесу барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға бағытталған екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
«Былтыр 29 қарашада Франция президентімен өткен кездесуден үлкен әсер алдым. Біз 2 сағаттан аса уақыт бетпе-бет форматында екіжақты қатынастар мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде әңгімелестік. Сондай-ақ, халықаралық аренада қалыптасқан ахуал туралы пікір алмастық. Франция — Қазақстанның жетекші саяси және экономикалық серіктестерінің бірі. Біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты, сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін және Францияның экономикалық әлеуетін жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіз 2008 жылғы маусымда Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің арасында бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойды. Биыл біз осы маңызды құжаттың он бес жылдығын атап өтеміз. Елдеріміз арасында барлық деңгейде белсенді және сенімді саяси диалог орнағанын тағы да атап өткім келеді», — деді Мемлекет басшысы.